Әдебиет • 24 Тамыз, 2018

Тұрсынбек Ешенқұловтың  «Жүрегі ән деп соғатын» кітабының таныстырылымы өтті

527 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Ұлттық кітапханада Тұрсынбек Ешенқұловтың  «Жүрегі ән деп соғатын» кітабының тұсаукесері өтті.

Тұрсынбек Ешенқұловтың  «Жүрегі ән деп соғатын» кітабының таныстырылымы өтті

Композитор, Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуовтың туғанына 80 жыл толуына орай жарық көріп отырған кітапта замандастарының, аға-інілерілерінің естеліктері, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған әндерінің тізімі топтастырылыпты.

«Жүрегі ән деп соғатын» кітабы лирикалық әндерімен әр адамның жүрегіне сазды әуеннің тұнық бұлағы болып құйылған Әсет Бейсеуовтың сонау балалық шағынан бастап, шығармашылықтың шынар шыңындағы жетістіктері туралы баяндалады.

Іс-шараға жазушы Ғаббас Қабышұлы, өнертанушы Пернебек Момынов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Далабаев, ардагер ұстаз Төлегетай Ақбауов, әнші Нұрғали Нүсіпжан, қайраткер журналист Жұмаш Арғымбаев, композитор Владимир Питерцев және т.б. белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ақынның туыстары,  оқырмандар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараны  Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көсемсөз шебері, жазушы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай жүргізіп, Әсет шығармашылығына қатысты қызықты да, мазмұнды естеліктер айтылып, Әсет әндері орындалды.

«Құрдастар» повесі, «Сырлы күмбез», т.б. кітаптары арқылы оқырмандар ықыласына бөленіп жүрген Тұрсынбек ағамыздың жинақтап, құрастырған тұщымды еңбегіне қатысушылар ризашылығын білдіріп, Әсеттей тұлғаның әні ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табады деген үлкен сеніммен тарқасты.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ